Home Ақша Қазақстанда криптовалюта айырбастау орындары мен провайдерлері пайда болады

Қазақстанда криптовалюта айырбастау орындары мен провайдерлері пайда болады

29

Елімізде цифрлық активтермен жұмыс істейтін компаниялар заң аясында қызмет көрсете бастайды. Бұл туралы Ұлттық банктің төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков мәлімдеді, деп хабарлайды LS.

Оның айтуынша, криптовалюта нарығын реттейтін жаңа ережелер әзірленіп жатыр. Жаңа жүйе келесідей үш түрлі цифрлық активті қамтиды:ақшамен қамтамасыз етілген стейблкоиндер, қаржы құралдарына құқықты білдіретін активтер, облигациялар, акциялар және вексельдердің цифрлық баламалары.

«Бүгінде мұндай активтердің құқықтық негізі әзірленіп, нақты жіктелуі белгіленді. Сонымен қатар нарықтың негізгі қатысушылары мен олардың қызмет істеу шарттары анықталды. Эмитенттерді нарыққа жіберу тәртібі мен активтердің айналым жүйесі де дайын. Бұл процесте цифрлық платформалар мен олардың провайдерлеріне қойылатын талаптар да ескерілген», – деді Ашықбеков.

Жаңа нарықты тезірек іске қосу үшін елдегі бар инфрақұрылымды да пайдалану көзделіп отыр. Атап айтқанда, Орталық депозитарий мен Қазақстан қор биржасының (KASE) базасында активтерді шығару, есепке алу және қызмет көрсету ұйымдастырылады. Сондай-ақ криптовалютаның айналымын реттеу үшін қызмет провайдерлерін лицензиялау жүйесі енгізіледі.

Джамиля КАРИМОВА