Қазақстанда кәмелетке толмаған балалардың фото және бейнежазбаларын заңсыз пайдалану қылмыс деп танылуы мүмкін. Бұл туралы Балалар омбудсмені Динара Закиева мәлімдеді, деп жазады Азиатский Экспресс. Оның айтуынша, тиісті түзетулер дайындалып, жақын арада Үкімет қарауына жіберіледі.
Бастама жаз мезгілінде блогер әрі әнші Daricorn-ның түсірген видеосына байланысты туындаған даудан кейін көтерілген. Аталған роликтің салдары — кадрға кездейсоқ түскен бала үшін ауыр сынаққа айналды.
Daricorn кафелер желісіне арналған жарнама кезінде көшеде сауалнама жүргізіп, балалардың пікірін жазып алған. Солардың бірі – тоғыз жастағы ұл бала сүйікті асының пицца екенін айтқан. Алайда дайын видеода бұл сөз «пися» деген жазумен алмастырылып, бейнежазба әлеуметтік желілерде жылдам тарады. Видео 2,5 миллионнан астам қаралым жинап, мекеме үшін жарнамалық табыс әкелсе, бала үшін бұл – мазақ пен психологиялық қысымға себеп болды.
Ролик жарияланғаннан кейін бала мектепте, көшеде, жаттығу кезінде қорлауға ұшырап, тұйықталып қалған. Сабаққа барудан бас тартып, жиі ашу көрсететін болған. Анасы видеоны екі жарым айдан кейін ғана байқап, баласының мінезіндегі өзгерістердің себебін сонда түсінген. Мамандар араласқаннан кейін ғана видео өшірілді, бірақ оның зардабы қалды.
«Кейде ересектер балалардың тағдырына селт етпей, қаралым қуып кетеді. Бірақ әрбір кадрдың артында біреудің психикасы, баланың өмірі тұруы мүмкін», — деді Динара Закиева.
Ол бұл түзетулерді депутат Юлия Кучинскаямен бірлесіп әзірлегенін атап өтті. Құжатта балалардың құқығын қорғау және кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған.